16.10.2026, 10:40

Бес айлық сәби көз жұмды: Қызылордада әйел мен баласын көлік қағып кетті

Фото: baq.kz

Полиция оны іздестіріп жатыр. 

Қызылордада жүргізуші кішкентай баласы бар әйелді көлікпен қағып, оқиға орнынан ізін суытқан. Ауыр жарақат алған сәби ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жол-көлік оқиғасы 13 қазанда сағат 17:10 шамасында Құттықожа көшесіндегі №111 үйдің маңында болған. Mitsubishi Lancer Sedan автокөлігінің жүргізушісі әйел мен оның кішкентай баласын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Көлік тізгінінде 2000 жылы туған Алексей Александрович Великов болған. Полиция оны іздестіріп жатыр.

Әйел ауыр жарақаттармен, соның ішінде бас сүйегі, қабырғалары мен жамбас сүйегі зақымданған күйде жансақтау бөліміне жеткізілген.

Онымен бірге болған ұлы 2026 жылғы 20 мамырда дүниеге келген. Нәресте де бас жарақатымен ауруханаға жатқызылғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.