Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жоғары мәртебелі мейманның келуіне орай салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Қазақстан делегациясы құрамында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бар.
Одан кейін Құрмет қарауылы ротасының командирі салтанатты рапорт берді. Президент оркестрі Қазақстан мен Камбоджаның мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Салтанатты рәсімнен соң Қазақстан Президенті мен Камбоджа Премьер-министрі кілем төселген жолмен Қазақстанның Мемлекеттік туына қарай жүріп өтті. Бұдан кейін тараптар келіссөздер жүргізуге кірісті.
Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Камбоджа арасындағы тауар айналымы 29,4 млн доллар болды. Бұл өткен жылғы осы кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға көп.
Қазақстанға Камбоджадан көбіне тоқыма және трикотаж бұйымдары, аяқ киім мен кейбір тұтыну тауарлары жеткізіледі. Ал Қазақстан Камбоджаға негізінен бақылау-өлшеу құралдарын экспорттайды.