19.10.2026, 11:40

Қазақстандық Coca-Cola Жозе Моуриньо мен Зак Кингтің назарын аударды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Компанияның бұл жетістігі кәсіби ортадан бөлек, әлеуметтік желілерде де талқыланды.

Қазақстанда өндірілген Coca-Cola шетелдік танымал тұлғалардың қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұған CCI Kazakhstan компаниясының халықаралық Candler Cup байқауында жеңіске жетуі және қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі бастамасы себеп болған. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді.

CCI Kazakhstan Coca-Cola жүйесіндегі ең жоғары халықаралық марапат саналатын Candler Cup байқауында жеңіске жетіп, әлемдегі үздік Coca-Cola өндірушісі атанды. Компанияның бұл жетістігі кәсіби ортадан бөлек, әлеуметтік желілерде де талқыланды.

Қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахим World’s Best from Kazakhstan атты бейнеролигінде отандық компанияның жеңісі туралы баяндаған. Жазба америкалық блогер Зак Кингтің де назарын аударды. Әлеуметтік желілердегі жалпы аудиториясы 160 миллионнан асатын ол түрлі визуалды иллюзиялар мен монтаждық трюктері арқылы танымал.

Зак Кинг бейнероликтің астына пікір қалдырып, Қазақстанда өндірілген Coca-Cola-ның дәмін көргісі келетінін жазған. Қазақстандық желі қолданушылары блогердің бұл тілегін қолдап, компания сусынды оған жеткізуге көмектесті.

Зак Кингке арнайы сыйлық әзірленді. Қораптың сыртына талқылауға қатысқан қазақстандық желі қолданушыларының есімдері жазылды. Осылайша, сыйлық компания мен отандық өнімді шетелдік блогерге таныстыруды ұсынған қазақстандықтардың ортақ бастамасына айналды.

Оқиғаның жалғасы Мадридте өрбіді. Мұнда CCI Kazakhstan компаниясының Candler Cup байқауындағы жеңісіне арналған салтанатты рәсім өтті. Сапар барысында қазақстандық делегация әйгілі футбол бапкері Жозе Моуриньомен кездескен.

Компания өкілдерінің айтуынша, Моуриньо Қазақстанға қызығушылық танытып, оған елімізде өндірілген Coca-Cola сыйға тартылған. Сыйлықты табыстау кезінде бапкердің The Special One, яғни «Ерекше тұлға» деген лақап аты әзілмен үйлестірілген. Сыйлыққа «A special one for the Special One» — «Ерекше тұлғаға арналған ерекше сусын» деген жазу қоса берілген.

Бұдан бөлек, Жозе Моуриньоға қазақтың дәстүрлі зияткерлік ойыны — тоғызқұмалақ тарту етілген. Сыйлықты таңдауда футбол мен тоғызқұмалаққа ортақ стратегиялық ойлау ерекшелігі ескерілген. Екі ойында да тактика, есеп және бірнеше қадам алға жоспар құра білу маңызды.

CCI Kazakhstan өкілдері шетелдік танымал тұлғалардың қызығушылығын қазақстандық өнімнің халықаралық деңгейде мойындалуымен байланыстырады. Компанияның мәлімдеуінше, бұл жетістіктің артында елдегі Coca-Cola өндірісін қамтамасыз етіп отырған қазақстандық мамандардың еңбегі тұр.

Тегтер: сусын блогер