Әсіресе таңғы сағат 7-8 аралығында мектеп маңында көлік пен жаяу жүргіншілер көбейіп, балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туындап отыр.
Астана қаласының Байқоңыр ауданында Абай мектебінің алдындағы жаяу жүргіншілер жолы екі айға жуық уақыттан бері жөнделмей жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғындардың айтуынша, 1 қыркүйекте ескі төсеніш тастар алынып, жөндеу жұмыстары басталғанымен, әлі күнге дейін аяқталмаған. Соның салдарынан оқушылар мен ата-аналар күн сайын ой-шұңқыры көп, тас пен топыраққа толы жолмен жүруге мәжбүр.
Әсіресе таңғы сағат 7-8 аралығында мектеп маңында көлік пен жаяу жүргіншілер көбейіп, балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туындап отыр. Тұрғындар жөндеу жұмыстарын неге жазғы демалыста жүргізбегенін сұрап, Байқоңыр ауданы әкімдігін мәселені тез арада шешуге шақырды.
Ал күн суытып, жаңбыр мен қар жауатын мезгіл жақындағанда, әкімдік мектеп алдындағы жолды қашан жөндеп бітіреді деген сұрақ әлі жауапсыз қалып отыр.