20.10.2026, 09:20

Колумбияда шахта опырылып, кемінде тоғыз адам қаза тапты

Фото: Colombia.com

Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Колумбияның оңтүстік-батысындағы заңсыз шахтада тау жыныстары опырылып, кемінде тоғыз адам қаза тапты.

Бұл туралы алғаш болып Нариньо департаментінің бейбітшілік және адам құқықтары мәселелері жөніндегі хатшысы Алекс Гонсалес хабарлады.

– Тау жыныстарының опырылуы салдарынан бірнеше адам үйінді астында қалғаны хабарланды. Олар шахтада жұмыс істеген. Қазіргі уақытта тоғыз адамның қаза тапқаны туралы мәлімет бар, – деді ол Caracol телеарнасының эфирінде.

Оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда аумаққа жетудің қиындығы мен қауіпсіздікке қатысты мәселелер құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіріп отыр.

Caracol телеарнасының мәліметінше, қаза тапқандар саны 12-15 адамға жетуі мүмкін.

Алтын заңсыз өндірілген шахта Санта-Барбара муниципалитетінде орналасқан.