Қызылордада анасы мен бес айлық сәбиін көлікпен қағып, оқиға орнынан ізін суытқан жүргізуші 7 күннен бері әлі табылған жоқ. Енді іздеуге жеке заң компаниясы қосылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мекеме 2 күн бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында күдіктінің орналасқан жерін анықтауға көмектескен тұлғаға 500 000 теңге сыйақы беретінін хабарлады.
Шарттарға сәйкес, ұсынылған ақпарат шынайы әрі нақты болу керек, іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жерін анықтауға тікелей ықпал етуі қажет. Құқық қорғау органдары ақпаратты растағаннан кейін сыйақы табысталады.
«Бұл бастама – компаниямыздың азаматтық ұстанымы және құқық қорғау органдарына іздестіру жұмыстары барысында қолдау көрсету мақсатында қолға алынған шара. Заң алдында барлығы тең! Әділдік салтанат құруы тиіс! Бұл – заң компаниясының жеке бастамасы, полицияның ресми сыйақысы емес», – деп жазылған хабарламада.
Агенттік тілшісі заң компаниясының басшысымен байланысып, мұндай бастама көтеруіне не түрткі болғанын сұрады.
«Расымен қиын жағдай. Өзім – көпбалалы әкемін. Сондықтан бұл оқиғаға бейжай қарай алмадым. Сыйақы белгілеп болсын, көмектескім келді. Десе де, әзірге ешқандай ақпарат келген жоқ», – деді ол.
01.07.2000 жылы туған Алексей Александрович ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыс жасады деген күдікпен іздестіріліп жатыр.
Полиция күдіктінің жүрген жері туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтарды 8 (7242) 27-77-01, 27-64-71, 29-75-07, 27-42-06, 29-75-69, 27-45-47 нөмірлеріне хабарласуға шақырады.
Айта кетейік, оқиға 13 қазан күні сағат 17:10 шамасында Құлтекенов көшесінің бойында орын алды. Mitsubishi Lancer Sedan көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Жол апатынан 26 жастағы Наргиз Бұқарбай ауыр жараланса, бес айлық баласы көз жұмды.