21.10.2026, 11:10

«Үйден көлікпен шығу мұң болды»: Астанада тұрғындар жабылған жолдарға наразы

Фото: Бейнежазбадан

Астанада бірнеше тұрғын үй кешенінің тұрғындары жолдардың жабылуына байланысты көлік қатынасы қиындағанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Баймұра», «Республика», «Байдәулет» және «Шығыс» тұрғын үй кешендерінің айналасында жолдар жабылып, тұрғындар кептелістен көз ашпай отырғанын жеткізді. Олардың айтуынша, «Республика» тұрғын үй кешенінің маңындағы жаңа жол 1 қыркүйекке дейін ашылуы тиіс болған, алайда қазан айы аяқталуға жақындаса да, жұмыс бітпеген. Тұрғындар LRT құрылысының қажеттігін түсінгенімен, балама жол қарастырылмағанына наразы.

Олар әкімдіктен жабылған жолдарды көлік жүретіндей етіп реттеп, қозғалысты қалпына келтіруді талап етеді. Елорда тұрғындары жол құрылысы қашан аяқталып, күнделікті қатынас мәселесі қашан шешілетінін білгісі келеді.