Оқиға Алматының Алатау ауданына қарасты Айгерім-1 шағынауданындағы Пригородная көшесінде болған.
Алматыда тұрғын үйдегі өрт кезінде шатыр опырылып, салдарынан төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ТЖМ-ның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәлімет бойынша, оқиға Алматының Алатау ауданына қарасты Айгерім-1 шағынауданындағы Пригородная көшесінде болған. Мұнда екі қабатты ғимараттың шатыры өртенген.
"Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына 7 минут ішінде жетті. Өрт сөндірушілер келген кезде шатырдың бүкіл аумағы ашық жалынмен жанып жатқан.
Металл жабынды шатырдың ағаш торламасы арқылы өрт тез таралған. Жалынның көршілес тұрғын үйлерге таралу қаупі болды. Алайда өрт сөндірушілер оттың көрші үйлерге таралуына жол бермеді", - делінген хабарламада.
Өрт 180 шаршы метр аумақта толық сөндірілген. Алайда өртті сөндіру барысында шатыр опырылып түскен.
Медициналық көмек қызметі төрт адамды ауруханаға жеткізген. Қазіргі уақытта олар дәрігерлердің бақылауында.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.