21.10.2026, 11:55

Көкшетауда иесінің айтқанын орындайтын Саргүл есімді қой көпшілікті тәнті етті (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Көкшетауда Саргүл есімді ерекше қой иесінің бұйрығын орындап, оның өтінішімен қуана секіреді. Үйретілген жануардың видеосы әлеуметтік желіде тез тарап, көпшіліктің назарын аударды. Желі қолданушылары оның тағдырына алаңдап та үлгерген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Саргүлдің оқиғасы үш жыл бұрын басталған. Қозы туылғаннан кейін енесі оны емізуден бас тартқан. Сол кезде Көкшетаудың 68 жастағы тұрғыны Темербулат Жүсіпов кішкентай қозыны өз қамқорлығына алған. Ол Саргүлді бөтелкемен сиыр сүтін және сүт қоспаларын беріп асыраған. Алғашында қозы тауық қорада тұрған.

Сүт ішкен кезде кішкентай Саргүл қуаныштан секіретін. Бұл әдеті есейген шағында да сақталыпты. Қазір қой иесінің айтқанын орындайды. Алайда ол тек өз иесін ғана тыңдайды.

Саргүлдің видеосы желі қолданушыларының жылы пікірлерін тудырды. Көпшілік жануарды соғымға соймауды өтінді. Сондай-ақ кейбірі балалық шағында өздері үшін нағыз досқа айналған үй жануарлары туралы естеліктерімен бөлісті.

Дегенмен Саргүлдің тағдырына алаңдауға негіз жоқ сияқты. Темербулат Жүсіповтің туыстарының айтуынша, қой әлдеқашан отбасының толыққанды мүшесіне айналған. Сондықтан сүйікті жануардан айырылып, оны соғымға сою ешкімнің ойында жоқ.