22.10.2026, 11:00

«Тісін сындырып, шашын қиған»: Ақтауда күйеуі ұрып-соққан әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: Aikyn.kz

Қазір жәбірленуші сот-медициналық сараптамаға қажетті құжаттарды дайындау үшін мамандардың тексеруінен өтіп жатыр. 

Ақтауда күйеуінің зорлық-зомбылығына ұшыраған әйелге қатысты оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жәбірленушінің айтуынша, күйеуі оны ұрып, тістерін сындырып, шашын қиып тастаған. деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әйелдің сөзінше, оқиға түнде болған. Күйеуі үйге мас күйде келіп, пәтерақыны неге төлемегені туралы сұраққа ашуланған. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындаған.

«Мен үйде екі баламмен отырған едім. Күйеуім түнгі сағат 11 шамасында келді. Ол мас болатын. Мен одан пәтердің ақысын неге төлемегенін сұрадым. Содан кейін жанжал басталды. Ол ашуланып, мені ұрып-соқты, тістерімді сындырып, шашымды қиып тастады», – деді жәбірленуші.

Әйелдің айтуынша, оқиғадан кейін оның күнделікті тіршілігі қиындаған. Ол ұйықтай алмай жүргенін, тістерінен айырылғандықтан дұрыс сөйлеп, тамақ ішуге қиналатынын жеткізді.

«Қазіргі жағдайымды сөзбен жеткізе алмаймын, ұйықтай алмай жүрмін. Тістерім болмағандықтан, дұрыс сөйлей де, тамақ іше де алмаймын», – деді ол.

Жәбірленушінің заңгері бастапқыда қажетті құжаттары болмағандықтан, әйелдің өзі ұсталғанын мәлімдеді. Кейін оқиғаға қатысқан екі адамның да Өзбекстан азаматы екені және олардың жеке басын, Қазақстанда заңды жүргенін растайтын құжаттары жоқ екені анықталған.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ер адам қабылдап-тарату орнына орналастырылған.

Полицияның хабарлауынша, ер адамға қатысты көші-қон заңнамасы аясында шаралар қабылданған. Қазіргі уақытта оның жеке басын анықтау және Қазақстан аумағында одан әрі болу мәселесін шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әйел тұрғылықты жерінде, оған қатысты да тиісті тексеру басталған.

Қазір жәбірленуші сот-медициналық сараптамаға қажетті құжаттарды дайындау үшін мамандардың тексеруінен өтіп жатыр.

Заңгер Зина Анламасованың айтуынша, әйелге Қазақстанда заңсыз жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылған.

«Қазақстан аумағында тұратындықтан, ол азаматтығына қарамастан, кез келген адам сияқты елдің заңдары мен Конституциясын сақтауға міндетті. Бұл жағдайда әйел Қазақстанда заңсыз жүрген. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол өз еліне қайтып, Қазақстанға қайта кіру және осында болу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуі керек», – деді заңгер.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жалғасып жатыр.