$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

Әлемдік технология көшбасшысы Қазақстанда: Дженсен Хуанг жастарға кеңес берді

Айта кетейік, 23 қазанда NVIDIA-ның Higgsfield стартабына инвестор болғаны туралы ақпарат тарады. 

фото: Astana Hub
фото: Astana Hub

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға келіп, Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиевпен бірге Alem AI орталығында кездесу өткізді. 40 минутқа созылған жиында олар жасанды интеллектінің болашағы, физикалық ЖИ, қазақстандық Higgsfield стартабы және жұмыс кестесі туралы әңгімелесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Кездесу барысында Дженсен Хуанг Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытуға ұлттық деңгейде басымдық беріп отырғанын атап өтті.

«Мен барған елдер ішінде Қазақстан ЖИ-ді ұлттық деңгейде дамытып жатқан алғашқы мемлекет болды. ЖИ еліңізді жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі. ЖИ азаматтарға жаңа мүмкіндік беріп, компанияларға әлемдік нарыққа шығып, үздіктермен бәсекелесуге көмектеседі. ЖИ қоғамды жаңартады», – деді Хуанг Жаслан Мәдиевке.

NVIDIA басшысының айтуынша, жасанды интеллектіні ең алдымен адамның мүмкіндіктерін кеңейтетін құрал ретінде қарастыру қажет.

«Жасанды интеллект алдымен когнитивті интеллектіден, яғни ақпаратты түсіну, ойлау және өңдеу қабілетінен басталады. Бірақ ЖИ мұнымен шектелмейді. Оның ауқымы физикалық әлеммен әрекеттесуге дейін жетеді», – деді ол.

Хуанг физикалық жасанды интеллектінің әлеуетіне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл бағытты тек робототехникамен шектеуге болмайды.

«Физикалық ЖИ ең ірі индустриялардың біріне айналады….Бұл технология жер қойнауын зерттеуден бастап, кен орындары мен ұңғымалардың картасын жасауға, география мен геологияны түсінуге, пайдалы қазбаларды қай жерден және қалай тиімді өндіруге болатынын анықтауға дейінгі көптеген бағытты қамтиды», – деді NVIDIA басшысы.

Ол Қазақстанды осы технологиялық өзгерістерден шет қалмай, жаңа индустрияның қалыптасуына белсенді қатысуға шақырды.

«Біз физикалық ЖИ-ді дамыту жолының басында тұрмыз. Бұл – технологиялық дамудың келесі толқыны. Қазақстан үшін жаңа индустрияны дамытуға қатысып, оның болашағын қалыптастыруға көмектесетін тамаша мүмкіндік… Мен бұл саланың болашағына үлкен үміт артамын», – деді Хуанг.

Кездесуде Дженсен Хуанг Қазақстаннан шыққан алғашқы «unicorn» атанған Higgsfield стартабына да тоқталды.

«Ол компанияның командасы өте мықты, әлемдегі ең талантты адамдардың бірі. Мұнда 600 адам жұмыс істейді, олардың орташа жасы – 25 шамасында. Көпшілігі терең технологиялар саласындағы инженерлер мен компьютерлік ғылым мамандары», – деп атап өтті ол.

Хуанг компанияның Қазақстан мен АҚШ-та кеңселері бар екенін айтып, екі елдің тәжірибесін ұштастыру жаһандық нарықта бәсекеге түсуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Компанияның Қазақстанда және АҚШ-та кеңселері бар. Бұл екі елдің мәдениеті мен кәсіби тәжірибесін байланыстырып, жаһандық нарықта бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Компанияға инвестиция салғанда, шын мәнінде, адамдарға инвестиция саласыз. Сондықтан ең үздік мамандарды таңдау маңызды», – деді ол.

Осы тұста Жаслан Мәдиев Higgsfield кеңсесіне барғанын және компания қызметкерлерінің жұмысын кешкі сағат бестен бастайтынын айтты. Бұған Дженсен Хуанг әзілмен жауап берді.

«Жұмысты кешкі бесте бастайтын болсаңдар, ақшамды қайтарыңдар», – деді ол.

NVIDIA басшысы өзінің жұмыс тәртібі туралы да айтып өтті.

«Мен жұмысты таңғы бесте бастайтынмын, қазір тіпті төрттен бастап кірісіп жүрмін», – деді Хуанг.

Айта кетейік, 23 қазанда NVIDIA-ның Higgsfield стартабына инвестор болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда инвестиция көлемі әзірге жарияланған жоқ.

Кездесу соңында Жаслан Мәдиев NVIDIA басшысынан 18 жастағы жастарға қандай кеңес беретінін сұрады. Хуанг жасанды интеллектіні меңгеруге басымдық беруге шақырды.

«Компьютерді бағдарламалаудың орнына, жасанды интеллектіні бағдарламалауды үйрену керек. Қазақстандағы 18-дегі жастың орнында болсам, жасанды интеллектіні бағдарламалау бойынша әлемдегі ең үздік маман болуға бар күшімді жұмсар едім», – деді ол.

Министрдің техникалық дағдыларды меңгеру мен дұрыс промпт жазудың қайсысы маңыздырақ екені туралы сұрағына Хуанг екеуі де қажет екенін айтты.

«Екеуі де керек. Жасанды интеллектіні ең жақсы бағдарламалайтын адам, оның қалай жұмыс істейтінін де түсінеді. Құрылғыны ең тиімді пайдаланатын адам да, оның жұмыс істеу принципін біледі», – деді NVIDIA басшысы.

Дженсен Хуанг Қазақстанға «AI Month» іс-шарасына арнайы қонақ ретінде келді. Кездесу соңында Жаслан Мәдиев оған шапан жауып, шығарып салды.

Дженсен Хуанг – жасанды интеллект саласының дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкер, NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры. Компания бастапқыда компьютерлік ойындарға арналған графикалық процессорлар шығарумен танылса, бүгінде оның чиптері жасанды интеллектіні үйрету мен күрделі есептеулер жүргізуде кеңінен қолданылады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0