24.10.2026, 14:30

«Түнде кездесуге шақырды»: Атыраудағы НЗМ мұғалімі жұмыстан босатылды

Фото: politico

Оқушының ата-анасы мектеп басшылығына жүгініп, жағдайға қатысты ресми тексеру жүргізіліп, құқықтық баға берілуін талап етпек.

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғаліміне қатысты тексеру басталды. Бұған педагогтің кәмелетке толмаған оқушымен хат алмасқаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарат себеп болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Threads желісіндегі жазба авторының мәліметінше, 34 жастағы мұғалім оқушы қыздың телефон нөмірін сыныптасы арқылы алып, оған хабарлама жаза бастаған. Айтуынша, педагог қыздың жағдайын сұрап, кездесуді де ұсынған.

Жазба авторының сөзінше, хат алмасу туралы оқушының достары біліп қойған. Олардың бірі мұғалімге телефон соғып, ересек адамның кәмелетке толмаған оқушымен не себепті бұлай сөйлесетінін сұраған. Алайда педагог мұның әзіл болғанын және барлығымен осылай сөйлесетінін айтқан көрінеді.

Автордың айтуынша, мұғалім кейін оқушыға қайтадан хабарласып, оның ниетін дұрыс түсінбегеніне сендіруге тырысқан. Мектеп әкімшілігімен сөйлескеннен кейін де педагог өз әрекетін әзілмен түсіндірген.

Оқушының ата-анасы мектеп басшылығына жүгініп, жағдайға қатысты ресми тексеру жүргізіліп, құқықтық баға берілуін талап етпек.

«Мұғалім болу – жауапкершілік. Бұл оқушы қыздардың жеке шекарасын бұзуға берілген құқық емес», – деп жазды жарияланым авторы.

Ол оқушылардың қауіпсіздігіне назар аудару мақсатында осы жағдайды көпшілікке жариялауды ұйғарғанын жеткізді.

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілдері де ақпаратқа қатысты тексеру басталғанын растады.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа байланысты мектеп мұғаліміне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Оқушыларды қорғау жөніндегі қолданыстағы саясатқа сәйкес, мектеп қауіпсіздігі қызметі жарияланымда баяндалған мән-жайларды қарауға кірісті. Жағдай “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы басшылығының бақылауында», – деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.

Мектеп өкілдерінің мәліметінше, тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан заңнамасы мен ұйымның ішкі құжаттарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.