Алматы – Салала бағыты бойынша ұшақтар аптасына бір рет, жұма күндері қатынайды.
Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылды. Астана – Салала бағыты бойынша рейстерді Air Astana әуе компаниясы орындайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, рейстер Airbus A320 ұшағымен жүзеге асырылады. 24 қазанда осы бағыттағы алғашқы рейспен 140 жолаушы ұшқан. Ал 23 қазанда Алматыдан Оманға рейс орындалған.
Алматы – Салала бағыты бойынша ұшақтар аптасына бір рет, жұма күндері қатынайды. Ал Астана – Салала рейсі сенбі сайын орындалады.
Сонымен қатар Қазақстан мен Оман арасындағы әуе қатынасы SalamAir әуе компаниясының Алматы – Маскат бағыты арқылы да қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, 2026 жылғы 6 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид кездесті. Келіссөздер барысында екі елдің үкіметтері әуе қатынасы туралы келісімге қол қойды.