$ 457.09 € 508.42 ₽ 5.67

Шымкентте жаңа өндірістік алаңдар құрылып, айналма жол салынады

Өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 8,7 пайызға артты. 

Фото: ЖИ
Фото: ЖИ

Шымкентте өндірісті ұлғайту жұмыстары жаңа кәсіпорындар ашумен және инженерлік желілерді дамытумен қатар жүргізіліп жатыр. Қазан айында жарияланған деректер қаланың нақты секторында өңдеу өнеркәсібі мен көлік инфрақұрылымына басымдық берілгенін көрсетеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тоғыз айда өнеркәсіп өндірісі 12,9 пайызға, өңдеу саласы 12,5 пайызға өсті. Жыл басынан бері құны 30 млрд теңге болатын 16 өндірістік жоба іске қосылып, 762 адам жұмыспен қамтылды. Өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 8,7 пайызға артты. 

Жаңа өндірістерге орын дайындау да өзекті. Қолданыстағы индустриялық аймақтардың толымдылығы 90 пайызға жеткен. Сондықтан металлургиялық кәсіпорындарға арналған «Темір» аймағын құру және төрт өндірістік алаңды кеңейту қолға алынған. Бұған қоса, үш шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы аясында 50-ден астам кәсіпорын ашып, шамамен 300 жұмыс орнын құру жоспарланған. 

Отандық өндірістің аясын кеңейту үшін «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасына 16 жоба енгізілген. Олардың қатарында трансформатор, мыс кабель, алюминий профильдері мен құрылыс материалдарын шығару бастамалары бар. Бұл жобалар әзірге қарау, қаржыландыру және құжат жинау кезеңдерінде. 

Көлік-логистика саласындағы маңызды жаңалық – қазанда 50 шақырымдық айналма жол құрылысының басталуы. Төрт жолақты бағыт Алматы–Ташкент арасындағы транзиттік көлікті қала сыртына шығарып, көшелерге түсетін жүктемені азайтуға арналған. 

Тұрғын үй құрылысы да өскен. Қаңтар–қыркүйекте 853,2 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 7,2 пайызға көп. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй көлемі 26,7 пайызға артқан. 

Ауыз су инфрақұрылымында Оңтүстік тұрғын алабына желі тарту басталған. Таскен, Исфиджаб, Қазығұрт стансасы, Гидрогеолог және Орманшы аумақтарында жобалау жұмыстары жүргізілуде. Осылайша жаңа өндірістерді орналастырумен бірге тұрғын аудандардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0