Алайда полиция екінші адамға шабуыл жасалды деген ақпаратты жоққа шығарды.
Қостанайда серуендеп жүрген 86 жастағы зейнеткердің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция күдіктіні іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде егде жастағы ер адамның серуен кезінде белгісіз біреудің қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат тараған еді. Сондай-ақ тағы бір адамның шабуылдан зардап шеккені айтылған. Алайда полиция екінші адамға шабуыл жасалды деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, дәлелдемелерді жинау мен бекітуге, сондай-ақ қылмысқа қатысы бар адамның жеке басын анықтап, оны ұстауға бағытталған тергеу шараларының кешені жүргізілуде. Екінші адамға жасалған шабуыл туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау жұмыстары тәулік бойы жалғасуда», – деп мәлімдеді Қостанай облыстық полиция департаментінің өкілдері.
Ведомство мәліметінше, тергеу жұмыстарына қажетті күштер мен ресурстар толық жұмылдырылған. Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.