Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
Оқиға 2 қараша күні сағат 16:55 шамасында Ақтау теңіз портының кірме жолындағы күзетілмейтін әрі реттелмейтін теміржол өткелінде болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алдын ала мәліметке сәйкес, «МАЗ» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі кері бағытта сағатына шамамен 5 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқан тепловозға жол бермеген. Салдарынан екі көлік соқтығысқан. Абырой болғанда, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
Алайда соқтығыс салдарынан тепловоз едәуір техникалық зақым алған. Оқиға жөнінде Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне хабар берілген.
«Алдын ала болжам бойынша, жол-көлік оқиғасына жүк көлігі жүргізушісінің Жол қозғалысы ережелерін бұзуы себеп болған», – деп мәлімдеді «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметі.
Осыған байланысты ҚТЖ өкілдері жүргізушілерді теміржол өткелдерінен өту кезінде барынша сақ болуға шақырды. Сондай-ақ жол белгілері мен сигналдарының талаптарын орындап, пойыздарға міндетті түрде жол беру қажеттігін еске салды.