«Отбасы банктің» баспасөз қызметі 3 қараша күні сағат 11:30-дағы жағдай бойынша «Ұмай» ипотекасына 300 өтінім қабылданғанын хабарлады.
«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталған күні Алматыдағы «Отбасы банк» бөлімшелерінің бірінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Әлеуметтік желіде банкке кірмек болған тұрғындардың видеосы тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
3 қарашада жарияланған кадрлардан ондаған адамның банк ғимаратының кіреберісіне жиналып, ішке кіруге тырысып жатқанын көруге болады. Видеодан айғай-шу да естіледі. Жазба авторының мәліметінше, оқиға Алматы қаласындағы Жетісу ықшамауданында орналасқан «Отбасы банк» бөлімшесінде болған.
Ипотека рәсімдеуге көмектесетін қызмет өкілінің айтуынша, видеоны оның көмекшісі таңғы сағат 9:00 шамасында түсірген. Тұрғындар банкке ерте келіп, кезекке тұрған. Келушілер арнайы тізім жасап, күзет қызметкерлері сол тізім бойынша адамдарды ішке кіргізген.
Қызмет өкілінің сөзінше, көпшілік ипотекаға қатысты құжаттарын тапсырып, кеңес алу үшін банкке өздері баруды жөн көреді.
Әлеуметтік желі қолданушылары кезекте ер адамдардың да жүргеніне назар аударған. Видео авторы олардың әйелдерімен бірге келгенін түсіндірді. Себебі банк талабына сәйкес, ипотека рәсімдеу кезінде ерлі-зайыптының екеуі де қатысуы керек.
«Отбасы банктің» баспасөз қызметі 3 қараша күні сағат 11:30-дағы жағдай бойынша «Ұмай» ипотекасына 300 өтінім қабылданғанын хабарлады.
Өтінім беруге ниетті азаматтардың көп болуына байланысты банк сервистеріне шамадан тыс жүктеме түскен. Соның салдарынан кейбір клиенттер кеңес алу және құжат тапсыру кезінде кідірістерге тап болған.
Банк өкілдері сервистердің жұмысын тұрақтандыру үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ өтінім қабылдау жалғасып жатқанын атап өтті.
Құжаттарды банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе онлайн тапсыруға болады.
Бұған қоса, банк бағдарламаның бірінші кезеңінің қорытындысын жариялады. 31 тамыздан бері жалпы сомасы 8,6 миллиард теңге болатын 435 қарыз берілген.
Айта кетейік, банк Алматыдағы бөлімше алдында неліктен көп адам жиналғанын және басқа филиалдарда да осындай кезек болған-болмағанын нақтыламады. Қалалық полиция департаментіне де ресми сауал жолданған. Алайда материал жарияланғанға дейін жауап түспеген.