Баланың анасы болған жағдайға қалалық инфекциялық аурухана дәрігерлерінің салғырттығы себеп болғанын айтып, шағымданған.
Шымкентте төрт айлық сәби ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, аяғындағы бірнеше башпайынан айырылды. Қазір нәресте Алматыдағы жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Баланың анасы болған жағдайға қалалық инфекциялық аурухана дәрігерлерінің салғырттығы себеп болғанын айтып, шағымданған.
Әйелдің сөзінше, ол сәбиін ауруханаға тек дене қызуы көтерілгендіктен апарған. Алайда ем қабылдау барысында баланың жағдайы күрт нашарлап, сепсис анықталған. Анасы медицина қызметкерлері катетерді дұрыс қоймағанын, содан кейін баланың аяғы көгеріп, іріңдей бастағанын мәлімдеді. Кейін сәбидің бірнеше башпайын кесуге тура келген.
Қазір төрт айлық нәресте Алматыдағы жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Анасының айтуынша, бала бір айдан астам уақыт бойы есін жимаған.
Оқиғадан кейін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрып, қызметтік тексеру бастаған. Ведомство тексеру қорытындысы бойынша аурухана қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады.