$ 453.64 € 508.17 ₽ 5.59

Щучинскідегі 12 адам қаза тапқан жарылыс: Сот үкімі өзгеріссіз қалды

Апелляциялық соттың қаулысы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Ақмола облыстық соты Щучинскідегі «Палау орталығы» кафесінде болған жарылысқа қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін негізінен өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Судья Әскербек Жақулин төрағалық еткен сот алқасы үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігіне ғана түзету енгізді.

Щучинскідегі «Палау орталығы» кафесінде газ бен ауа қоспасы жарылып, 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам зардап шеккен еді. Осы оқиғаға қатысты іс Ақмола облыстық сотында апелляциялық тәртіппен қаралды.

Сот отырысында прокурор айыптаушы тараптың бірінші сатыдағы сот үкімімен жалпы келісетінін айтты. Алайда жанармай құю станциясының иесі мен газ жеткізушінің жауапкершілігін ауырлататын мән-жайлар үкімнен алынып тасталғандықтан, апелляциялық өтініш берілген.

Прокурор аталған мән-жайларды үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінде көрсетуді сұрады.

Сонымен қатар айыптаушы тарап кафе иесіне қатысты үкімде жарылыстың салдары дұрыс көрсетілмегенін атап өтті. Бірінші сатыдағы сот үкімінде 12 адамның қаза тапқаны және 11 адамның денсаулығына ауыр зиян келгені жазылған. Алайда 11 адам жарақат алғанымен, олардың сегізінің ғана денсаулығына ауыр зиян келген.

Осыған байланысты прокурор сотталушы адвокатының үкімнің сипаттау бөлігін нақтылау туралы өтінішін қолдады. Ал жәбірленушілердің талап арыздарын өзгерту туралы өтініштерін қанағаттандырмауды сұрады.

Сот алқасы Бурабай аудандық сотының үкіміне өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, үкімдегі «11 адамның денсаулығына ауыр зиян келді» деген мәлімет түзетіліп, оның орнына «11 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды, оның ішінде сегіз адамның денсаулығына ауыр зиян келді» деп көрсетілді.

Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Апелляциялық соттың қаулысы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді. Дегенмен сот процесіне қатысушылар бұл шешіммен келіспесе, кассациялық сатыға жүгіне алады.

Еске салайық, бұған дейін Бурабай аудандық соты «Палау орталығы» кафесінің иесін ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған еді. Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып, абайсызда ауыр зардаптарға, адамдардың денсаулығына ауыр зиян келуіне және екіден көп адамның қаза табуына себеп болған. Сондай-ақ оған үш жыл бойы қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет атқаруға тыйым салынды.

Жанармай құю станциясының директоры ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жеті жылға сотталды. Ол тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, соның салдарынан абайсызда екіден көп адамның денсаулығына зиян келуіне және адам өліміне жол бергені үшін жазаланды.

Ал газ жеткізуші осы бап бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылды.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0