Екінші орынға 10 480 дауыс жинаған Қостанай қаласының өкілі Әйгерім Қайпен тұрақтады.
Алматыда өткен «Қазақ аруы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпазы белгілі болды. Биылғы бас жүлдені 20 жастағы алматылық Асылым Өтепберген жеңіп алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Көрермендер дауыс беру нәтижесінде Асылым Өтепбергенге 17 164 дауыс беріп, ол өзге қатысушылардан айтарлықтай басым түсті.
Екінші орынға 10 480 дауыс жинаған Қостанай қаласының өкілі Әйгерім Қайпен тұрақтады. Ал 4 499 дауыс алған шымкенттік Сымбат Әбубәкір үздік үштікті түйіндеді.
Байқау жеңімпазы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік желіде белсенді блог жүргізеді. Instagram парақшасындағы оқырмандарының саны 30 мыңнан асады.
Асылым Өтепбергенге жеңісі үшін дизайнер Аида Кауменованың сән үйінде арнайы тігілген шапан жабылып, шетелге саяхаттауға жолдама берілді.
Айта кетейік, биылғы байқауға еліміздің әр өңірінен келген 22 ару қатысты. Финалдық кезең 3 қарашада Алматыдағы Республика сарайында ұйымдастырылды. Ұлттық сұлулық байқауын продюсер Баян Алагөзоваға тиесілі BM Production орталығы өткізді.