Оның сөзінше, колледж директоры отбасымен кездесіп, көңіл айтпаған.
Ақтөбеде колледж жатақханасында 16 жастағы студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Айыптау нұсқасына сәйкес, төртінші курс студенті Нұрбақыт Бақытты түнде дүкенге бару үшін жатақхананың төртінші қабатындағы терезеден түсуге мәжбүрлеген. Жасөспірім төменге түсіп бара жатқанда құлап, ауруханада 42 күннен кейін көз жұмған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Сол түні төртінші курс студенті Мәди Сүгербай бөлмеге кіріп, жасөспірімдердің бірін дүкенге жібермек болған. Алайда жатақханада ұйықтау уақыты басталып, есіктер құлыпталғандықтан, ол сыртқа шығудан бас тартқан.
Айыптау материалдарына сәйкес, содан кейін Сүгербай 16 жастағы Нұрбақытты терезеден түсіп, дүкенге баруға көндірген. Оған екі мың теңге мен қара сөмке берілген. Жасөспірімді төмен түсіру үшін бес төсек жапқышын бір-біріне байлаған.
Бастапқыда Нұрбақыт қорқып, бас тартқанымен, кейін төмен түсуге әрекет жасаған. Үшінші және төртінші қабаттың арасында төсек жапқышынан ұстай алмай, жерге құлаған. Бөлмедегі студенттер тәрбиешіні шақырып, полицияға хабар берген. Айыптау материалдарында Сүгербайдың басқа студенттерден полицияға Нұрбақыт өзі түсті деп айтуды сұрағаны да көрсетілген.
Жасөспірім ауруханаға жеткізілгенімен, 42 күннен кейін көз жұмды. Мәди Сүгербайға Қылмыстық кодекстің 119-бабы («Қауіпті жағдайда қалдыру») және 104-бабы («Абайсызда адам өліміне себеп болу») бойынша айып тағылған. Алайда ол кінәсін мойындамаған.
Сотта жоғары курс студенттерінің төменгі курсқа жаңадан келгендерді қорқытып, ұрып-соққаны туралы деректер белгілі болды. Куәгерлердің айтуынша, кейбір студенттер темір түтікпен, енді бірі жұдырықпен және шапалақпен соққыға жығылған. Алайда олар шағымдануға қорыққан.
Сот отырысында Сүгербайдың бұған дейін де студенттерді ұрғаны үшін жатақханадан шығарылғаны айтылды. Кейін ол қайта оралған.
Оқиғадан соң колледжде студенттерді қабаттарға бөліп орналастыру туралы шешім қабылданған.
Нұрбақыттың анасы Құлайым Қолова жатақхана мен колледж басшылығы да жауап беруі керек деп есептейді. Оның айтуынша, оқу орнында студенттердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.
«Оларды жауапқа тартқым келеді. Мұнда студенттердің қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, тәртіп те жоқ деп есептеймін. Балам өмір үшін күресіп жатқанда, тәрбиешілердің бірінен балаларға неге қарамағанын сұрадық. Ол “Бізді соттаса, соттай берсін, біз ұйықтап жатқанбыз” деп жауап берді. Жауапкершілік қайда? Мен баламды соларға сеніп тапсырдым», – дейді марқұмның анасы.
Оның сөзінше, колледж директоры отбасымен кездесіп, көңіл айтпаған. Ал басқа педагогтер отбасыға қолдау көрсеткен.