09.11.2026, 09:15

Freedom Bank банкоматы 2 миллион теңгені жұтып қойды: Клиент ақшасын қайтара алмай жүр

Фото: forbes.kz

Алматы қаласындағы Қабдолов көшесі, 1/8 мекенжайында орналасқан Freedom Bank банкоматы клиенттің 2 миллион теңгесін қабылдағанымен, депозиттік шотына аудармаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 7 қараша күні кешкі сағат 18:00 шамасында болған: тұрғын банкомат арқылы депозитін толықтырмақ болғанда, құрылғы ақшаны ішіне тартып алғанымен, шоттағы қаражат өзгеріссіз қалған. Клиент жағдайды бірден банкке хабарлап, шағым түсірген, алайда арада бір тәулік өтсе де, ақшасы қайтарылмаған. Оның айтуынша, банк өкілдері нақты шешім ұсынудың орнына тек күту керектігін айтқан. «Клиент банкке 2 миллион теңге қарыз болса, оған да осылай күтіңіздер дей ме?» деп ашынған тұрғын әлеуметтік желіде наразылығын білдірді. Енді клиенттің басты талабы – банкоматта қалып қойған 2 миллион теңгені шотына қайтару, ал банк тарапынан мәселенің қашан шешілетіні әзірге белгісіз.