Sulpak дүкендер желісінен қымбат бағаға iPhone сатып алған астаналық тұрғын тауарды қайтару кезінде қиындыққа тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның Threads желісіндегі жазбасына сүйенсек, 7 қарашада Kaspi арқылы тапсырыс беріп, дүкеннен өзі алып кеткен телефонның қорабы зақымдалған болып шыққан. Тұтынушының айтуынша, дүкен қызметкерлері бастапқыда «база істемей тұр» деген себеппен қайтару рәсімін жүргізуден бас тартқан, кейін өтінішін де қабылдамаған. Ол телефонға SIM-карта салмағанын және құрылғыны пайдаланбағанын айтып отыр.
Қазір тұрғын мәселені шешу үшін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсіруге дайындалып жатыр. Қымбат техника сатып алған адамның осындай жағдайға тап болуы Sulpak дүкендеріндегі тауар сапасы мен тұтынушы шағымына қалай қарайтыны туралы сұрақ туғызды.