Апат 8 қараша күні таңертең Эль-Айят қаласының маңында болған.
Мысырдың Гиза провинциясында болған теміржол апатынан қаза тапқандар саны нақтыланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Соңғы мәлімет бойынша, жеті адам көз жұмып, тағы 112 адам жарақат алған.
Мысыр Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, зардап шеккен 45 адам ауруханадан шығарылған. Тағы жеті науқастың жағдайы жақсаруына байланысты медициналық мекемелерден шығуға дайындалып жатыр.
Апат 8 қараша күні таңертең Эль-Айят қаласының маңында болған. Гизадан Фаюмға бағыт алған жолаушылар пойызы Каирден Асуанға бара жатқан екінші пойыздың артқы бөлігіне соғылған. Соқтығыс салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кеткен.
Мысыр президенті Абдель Фаттах әс-Сиси қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, апаттың мән-жайын тергеуді тапсырды. Сондай-ақ мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға себеп болған салғырттыққа жол бергендердің барлығын жауапқа тартуды талап етті.
Оқиға орнында медициналық қызметтер, Мысыр Қызыл Жарты ай қоғамының қызметкерлері және елдің Бас прокуратурасы жұмыс істеп жатыр.