Мектептің баспасөз қызметі бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлының қызметінен кеткенін мәлімдеді.
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жаппай улануынан кейін басшылық құрамында өзгеріс болды. Білім ордасының жаңа директоры болып бұрын осы филиалды басқарған Алмаз Күнғожин тағайындалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мектептің баспасөз қызметі бұрынғы директор Мейірбек Мейірлан Едігерұлының қызметінен кеткенін мәлімдеді.
Алмаз Күнғожин – математика мамандығы бойынша PhD докторы әрі осы мектептің түлегі. Ол 2018–2023 жылдары РФММ-нің Алматыдағы филиалын басқарған.
Еңбек жолында ол мектепте математика пәнінің мұғалімі, олимпиадаға дайындайтын жаттықтырушы, сондай-ақ бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФММ» КЕАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауыр ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскен еді. Кейін зардап шеккен балалардың саны 58-ге жетті. Оқушылардың жаппай уланғанын Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растаған.