11.11.2026, 12:20

Жетісуда төртем туған анаға үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды (ВИДЕО)

Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Өңір басшысының атынан ата-ана мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтаған. 

Жетісу облысында төрт баланы дүниеге әкелген отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Әкімдіктің Instagram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, перзентханадан шыққан Альмираны ауылдастары салтанатты түрде қарсы алып, отбасына жаңа баспананың кілтін табыстаған.

Өңір басшысының атынан ата-ана мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтаған. Оның айтуынша, отбасыға Сарыөзек ауылындағы жаңа көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер берілген. Баспананың тұрмысқа қажетті жағдайлары толық жасалған.

«Сарыөзек ауылында отбасына жаңа көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер беріп отырмыз. Пәтерде жайлы тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Альмира Алматы қаласында болған кезде облыс әкімі күн сайын балалардың жағдайын сұрап-біліп отырды.

Біз Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандарымен тұрақты байланыста болып, ана мен балалардың жағдайын бірге бақыладық. Төрт сәбиді бірдей күтіп-бағу оңай емес. Сондықтан Альмираға балалардың күтіміне көмектесетін арнайы көмекші беріледі.

Жалпы, бүлдіршіндердің дені сау болып өсіп, аман-есен жетілуі үшін өз тарапымыздан барлық қажетті көмекті көрсетеміз», – деді Марлен Көлбаев пәтер кілтін табыстау кезінде.