$ 447.52 € 502.21 ₽ 5.41

Алматыда нөсер жаңбырдан метроға кіретін жолды су басты (ВИДЕО)

Әлеуметтік желілерде оқиғаның видеосы тарады. 

Фото: Видео скриншот
Фото: Видео скриншот

Алматыда толассыз жауған жаңбыр салдарынан метро станцияларының біріне апаратын жаяу жүргіншілер жолын су басып қалды. Оқиға 2026 жылғы 11 қарашада болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерде оқиғаның видеосы тарады. Кадрлардан Абай даңғылының Жароков көшесі мен Гагарин даңғылының арасындағы бөлігінде орналасқан «Алатау» метро станциясына түсетін жолға су жиналғанын байқауға болады.

Метрополитеннің баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, қалалық су бұру жүйесіне шамадан тыс су жиналып, соның салдарынан Абай даңғылының төменгі жағындағы «Алатау» станциясының солтүстік жаяу жүргіншілер өткелін су басқан.

«Қазір метрополитеннің ВАСС қызметінің мамандары жиналған суды сорғызып, аумақты тазалап жатыр. Су басу салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында. "Алатау" метро станциясы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жолаушыларға қызмет көрсетуге шектеу қойылған жоқ», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Алматыда нөсер жаңбыр 10 қараша күні кешкі уақытта басталған. «Қазгидромет» РМК болжамынша, жауын-шашын 12 қарашаға қараған түнге дейін жалғасады.

Синоптиктердің мәліметінше, қаланың кейбір аудандарында қатты жаңбыр жауып, тауға жақын жоғарғы бөліктерінде сулы қар түсуі мүмкін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0