Алматы қаласының Алмалы аудандық соты үкімді бүгін жариялады.
Бұрынғы вице-министр Ақмади Сарбасов пара алғаны үшін төрт жылға сотталды. Алайда оған тағылған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану айыбы бойынша ақтау үкімі шығарылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісімге байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша барлығы бес адам жауапқа тартылды.
Алматы қаласының Алмалы аудандық соты үкімді бүгін жариялады.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы Руслан Омаров 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар бірнеше қылмыстық бап бойынша, соның ішінде сыбайлас жемқорлық және зиянды бағдарламаларды пайдалану фактілері бойынша кінәлі деп танылды. Дегенмен кейбір айыптар бойынша ақталды.
Ал орталықтың бұрынғы қызметкерлері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін үш жылға сотталды. Алайда рақымшылық туралы заңға сәйкес олардың жазасы екі жылға дейін қысқартылды.
Сот шешімімен Руслан Омаров пен Дәулет Арғандықовқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды. Болатбаев пен Дошимовқа бір жыл бойы ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге шектеу қойылды. Олар сот залында қамауға алынды.
Бес сотталушы да жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Бұдан бөлек, сот 75 мың долларды, яғни шамамен 39 миллион теңгені мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім қабылдады.
Сот отырысында 2 миллиард теңгеден асатын болжамды шығынды өтеу мәселесі де қаралды. Алайда сот бұл соманы қылмыстық іс аясында өндіріп алудан бас тартты.
Судьяның түсіндіруінше, аталған қаражат тікелей келтірілген материалдық залал емес, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ала алмаған табысы, яғни жіберіп алған пайдасы саналады.
Қылмыстық-процестік кодекстің 166-бабына сәйкес, қылмыстық іс аясында тек қылмыс салдарынан тікелей келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талаптар қаралады. Ал алынбай қалған пайданы өндіріп алу мәселесі бұл тәртіпке жатпайды.
Осыған байланысты сот жәбірленуші тарапқа 2 миллиард теңгеден астам қаражатты өндіру жөніндегі талабын азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен бөлек қаратуға құқылы екенін түсіндірді.
Ақмади Сарбасов бес жылға жуық уақыт Еңбек вице-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2025 жылдың сәуірінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы болып тағайындалғанымен, арада бірнеше ай өткен соң тергеуге ілікті.
Еске салайық, 28 маусымда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде 75 мың доллар көлемінде пара беру дерегін анықтады. Осы іске байланысты Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаров, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы Ақмади Сарбасов және орталықтың бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов ұсталды.
Тергеу мәліметінше, Бірінші кредиттік бюро басшылығы қазақстандықтардың жеке деректерін алу үшін Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшылығына жүйелі түрде пара беріп отырған.
Күдіктілердің үйлерін тінту кезінде 370 мың доллар (шамамен 191 миллион теңге) және 4,5 миллион теңге қолма-қол ақша тәркіленген. Ал 30 маусымда сот үш күдіктіні екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.