Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы жылдары екі еседен астам артқанымен, оның экономикаға әсері әлі де төмен. Қаражат көбейген, алайда нақты технологиялық нәтижелер күткендегідей емес. Бұл туралы аудит нәтижелеріне тоқталған Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Оның айтуынша, 2022–2025 жылдары ғылым саласына бөлінген қаржы 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда ғылымның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайыздық межеге жетпей, небәрі 0,16 пайызды құраған. «Қаржыландыру негізінен бюджет есебінен жүзеге асырылып отыр. Мемлекеттік қаражаттың үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін өсті. Бұл ғылымның мемлекетке тәуелділігін және бизнес тарапынан сұраныстың жеткіліксіздігін көрсетеді», – деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің тәжірибелік нәтижеге айналу көрсеткіштері де төмендеген. Атап айтқанда, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесі 13 пайыздан 5 пайызға дейін қысқарған. Аудит ғылым саласындағы тағы бір өзекті мәселені анықтады. Смайыловтың сөзінше, тұрақты әрі жүйелі даму саясаты толық қамтамасыз етілмеген. 2021–2025 жылдары ғылым саласында төрт бағдарламалық құжат қолданыста болған. Алайда олардың арасында сабақтастық пен нысаналы көрсеткіштерді орындау мәселелері бар. Осылайша, ғылымға бөлінетін қаржының өсуі әзірге экономикалық тиімділік пен технологиялық серпіліске толық ұласпай отыр. Басты мәселе – қаражат көлемінде ғана емес, оның нақты нәтижеге қаншалықты айналып жатқанында.