$ 447.52 € 502.21 ₽ 5.41

«Тәрбиешілер жоқта күйеуі қарайды»: Астанада балабақшадан тағы да дау шықты (ФОТО)

Ал Астана қаласының білім басқармасы бұл балабақшаның биыл ғана ашылғанын хабарлады. 

Фото: скриншот
Фото: скриншот

Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кадрлардан бүлдіршіндер ойнап жүрген бөлменің ортасында ер адамның жерде жатқанын көруге болады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұған наразы болған ата-аналардың бірі WhatsApp чатындағы жазбаларды Threads желісінде жариялады. 

Әйелдің айтуынша, қызының балабақшаға барғанына небәрі екі күн болған. Алайда жаңа ортаға келгеннен кейін бала түнде шошып оянып, таңертең мекемеге барудан бас тарта бастаған.

Осыдан кейін анасы ата-аналар чатына қосылып, бұрынғы қызметкердің хабарламаларын көрген. Оның сөзінше, балалар қараусыз қалып, дұрыс тамақтанбайды, тәрбиешілер жиі ауысады.

Кейін чатқа үш секундтық видео жіберілген. Кадрларда ер адамның балалар ойнайтын бөлмеде жатқанын, бір бүлдіршіннің оның үстіне шығып алғанын көруге болады.

«Міне, тәрбиешілер жоқ кезде күйеуі қарайды. Онымен қоса балаларға арқасын бастырады. Егер сол видеоны тапсам, тағы жіберемін», – деп жазған экс-қызметкер.

Кейін ер адамның балабақшада жүргізуші болып жұмыс істейтіні және мекеме басшысының күйеуі екені анықталған.

Орталық басшысы аудиохабарлама арқылы ер мұғалімдердің де жұмыс істейтінін, олардың дене шынықтыру және каратэ сабақтарын өткізетінін түсіндірген. Алайда ана бұл жауаппен келіспеген.

«Басқа балабақшаларда да ер адамдар жұмыс істейтінін білемін. Мен де педагогпін. Бірақ бұл жерде видеода ағайдың жаттығу жасап жатқанын емес, қыздарымыздың ортасында қақ жерде жатқанын көріп тұрмын. Ата-аналар, бұл сіздерге қалыпты жағдай ма? Маған жоқ», – деп жазды ол.

Бұдан бөлек, тағы бір ата-ана үш жастағы қызының осы балабақшаға барғаннан кейін тәрбиешісінен қорқып, мекемеге барғысы келмей қалғанын жазды. Оның айтуынша, бала тәрбиешісінің ұрғанын және қолын шымшығанын айтқан.

«Күндіз ұйықтадың ба десем, иә, мені ағай ұйықтатты дейді. Жүрегім селк ете қалды. (...) Ал меңгерушінің күйеуі балаларды құшақтап, көтеріп, ұйықтатады екен. Енді осындай жағдайдан кейін қызым ауырып қалды», – деп жазды ата-ана.

Осы жағдайға байланысты балабақша басшылығымен байланыстық. Мекеме жетекшісі тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Ақпаратты таратқан адам бұрында бізде жұмыс істеген. Біз оны сотқа береміз. Себебі, таратып отырған ақпараты өтірік», – деді ол.

Ал Астана қаласының білім басқармасы бұл балабақшаның биыл ғана ашылғанын хабарлады. Мекеме мемлекеттік тапсырыс алмағандықтан, басқарма тарапынан тексеру жүргізу мүмкін емес. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0