12.11.2026, 12:00

«Kyzdar.net» сайтында жеңгетайлықпен айналысқан күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Фото: видеодан скрин

Қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Өзбекстан Республикасының азаматшасы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны және жеңгетайлық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

"Тергеу барысында аталған азаматшаның ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге де мүшелерімен бірлесіп, жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсететін тұлғалардан "Kyzdar.net" интернет-ресурсында орналастырылған сауалнамаларының шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдап, олардың сексуалдық қызметтерін ілгерілету және жарнамалау мақсатында жүзеге асырғаны анықталған", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, топ мүшелері түскен қаражаттан комиссиялық сыйақыны ұстап қалып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз схеманың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.

Қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал оның жекелеген мүшелері, оның ішінде күдікті де қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.