12.11.2026, 12:20

ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» басшыларын ұстады

Фото: коллаж Sn.kz

2026 жылғы 11 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Орыншиевті және басқа да адамдарды ұстады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.

Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Мұның Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.

– Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейді, – делінген хабарламада.

Нұрлан Жақыпов пен Ерлан Орыншиев уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҰҚК мәліметінше, екеуі де пара алуға оқталды деген күдікке ілінген. Оларға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 366-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.

Ақшаны кімнің кімге және не үшін ұсынғаны туралы ресми ақпарат әзірше жарияланған жоқ.

12 қараша күні таңертең әлеуметтік желілерде олардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Куәгерлердің хабарлауынша, Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында біреу терезеден ішінде долларға ұқсас купюралар бар шабаданды лақтырып жіберген.

Бұл оқиғаның Жақыпов пен Орыншиевтің ісіне қатысы бар-жоғы ресми түрде расталған жоқ.

Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын 2023 жылғы сәуірден бері басқарып келеді. Оған дейін Қазақстанның инвестициялық даму қорының (KIDF) басқарушы компаниясын басқарған. Ал одан бұрын Rothschild & Co инвестициялық банкінің Қазақстандағы өкілі болған.

Жақыпов «ҚазМұнайГаз» бен Air Astana директорлар кеңесін де басқарады.

Елжас Орыншиев «Қазақстан темір жолы» компаниясын 2026 жылғы шілдеден бері басқарып келеді. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарған.

Орыншиев Жақыповпен бірге қорға келген жалғыз топ-менеджер болған.