12.11.2026, 14:20

Абай облысында жоғалған 44 жастағы ер адамның мәйіті табылды

Фото: Абай облысы ПД

Көп ұзамай оның Lexus LX 570 маркалы автокөлігі Бородулиха ауданындағы жырадан табылған. 

Абай облысында бір аптаға жуық уақыт бойы із-түзсіз жоғалған 44 жастағы Ринат Ахметовтің мәйіті табылды. Бұған дейін оның Lexus LX 570 көлігі жырадан анықталғанымен, жүргізушінің өзі табылмаған еді. Алдын ала болжам бойынша, ер адам үсіп қайтыс болуы мүмкін, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1982 жылы туған Семей тұрғыны 4 қарашада үйінен шығып, содан кейін хабарсыз кеткен. Жақындарының өтінішінен кейін іздестіру жұмыстары басталған.

Көп ұзамай оның Lexus LX 570 маркалы автокөлігі Бородулиха ауданындағы жырадан табылған. Алайда салонда жүргізуші болмағандықтан, іздеу жұмыстары жалғасқан.

11 қараша күні сағат 15:40 шамасында тәртіп сақшылары ер адамның мәйітін тапты. Ол Бородулиха ауданындағы Нововасильевка ауылынан шамамен 35 шақырым жердегі ашық даладан анықталған.

Полицияның алдын ала болжамынша, өлімге үсіп қалу себеп болуы мүмкін.

«Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге үсіп қалу себеп болуы мүмкін. Қайтыс болудың нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп хабарлады полиция.

Ринат Ахметовті іздеуге 60-тан астам полиция қызметкері, 10 құтқарушы, 50 әскери қызметші, еріктілер мен марқұмның туыстары жұмылдырылған. Қиын аумақтарды тексеру үшін жергілікті тұрғындардың 12 тракторы мен полицияның екі квадроциклі пайдаланылған.