Қатты мас болғандықтан және мұндай жағдайда үйіне қайтуға қорыққан қыздар куәгердің ұсынысымен оның таныстарының пәтеріне барған.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қызды зорлау ісі бойынша бес жасөспірімге үкім шығарды. Олардың әрқайсысы 5 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 14 ақпанда болған. Кәмелетке толмаған екі қыз күзет қызметкерлеріне жасын айтпай, «Инфинити» түнгі караоке-клубына кірген. Онда олар үш сағаттан астам уақыт алкогольдік ішімдік ішкен.
Қатты мас болғандықтан және мұндай жағдайда үйіне қайтуға қорыққан қыздар куәгердің ұсынысымен оның таныстарының пәтеріне барған.
Сот анықтағандай, пәтерде сотталушылардың бірі жәбірленушіге химиялық заттың буын иіскеткен. Кейін бес жасөспірім алдын ала сөз байласып, алкогольдік мас күйіне байланысты қарсылық көрсетуге дәрменсіз болған қызды зорлаған.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің жауаптары, сараптама қорытындылары және қылмыстық істің басқа да материалдары арқылы дәлелденген.
Прокурор бес сотталушының әрқайсысын 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды және екі жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраған. Сондай-ақ 2025 жылғы 23 маусымдағы рақымшылық туралы заңды қолданып, бас бостандығынан айыру мерзімін қысқартуды өтінген.
Қорғау тарапы сотталушыларды кінәсі дәлелденбегендіктен ақтауды сұрады. Ал жәбірленуші тарап прокурордың ұстанымын қолдап, моральдық зиянды өтеу үшін 100 миллион теңге көлемінде азаматтық талап қойған.
Сот сотталушылардың қылмыс жасаған кезде кәмелетке толмағанын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Осыны ескере отырып, сот әрқайсысына бастапқыда 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Кейін рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза мерзімі қысқартылып, түпкілікті 5 жыл 7 ай 15 күн болып белгіленді. Бұған қоса, олардың әрқайсысы екі жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот бес сотталушыдан ортақ тәртіппен моральдық зиянды өтеу үшін 10 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.