$ 443.62 € 492.24 ₽ 5.36

Ақтөбеде тұрғын үйдің астындағы кафе жарылды: екі адам ауруханада (ВИДЕО)

Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. 

Фото: Видео скриншот
Фото: Видео скриншот

Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ жарылып, арты өртке ұласты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.

Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Жарылыстың мән-жайын анықтау үшін журналистер Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласқан.

Ведомствоның мәліметінше, жарылыс бүгін, 13 қарашада сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан кафенің жапсарлас салынған бөлігі опырылып, кейін өрт шыққан. Сондай-ақ тұрғын үйдің терезелері зақымданған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, екі адам зардап шегіп, жедел жәрдем қызметімен медициналық мекемеге жеткізілген. Қаза тапқандар жоқ.

Өрт сағат 10:53-те толық сөндірілді. Оны ауыздықтауға төтенше жағдайлар қызметінің 45 қызметкері мен 10 арнайы техникасы жұмылдырылған.

Қазіргі уақытта оқиға орнында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы жүр. Жарылыстың себептері мен өзге де мән-жайы анықталып жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0