Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Алматыда 52 жастағы ер адам 35 жастағы әйелді ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алған. Ол әйелге қайта-қайта қоңырау шалып, күш қолданатынын айтып қорқытқан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алатау аудандық полиция басқармасына 35 жастағы әйел арызданған. Оның айтуынша, өзін жақын танымайтын ер адам ұзақ уақыт бойы тыныштығын бұзған. Күдікті қайта-қайта хабарласып, балағат сөздер айтқан, күш қолданатынын айтып қоқан-лоқы көрсеткен. Сондай-ақ әйелдің соңынан қалмай, қалаусыз байланысын жалғастырған.
Жәбірленуші полицияға WhatsApp желісіндегі хат алмасулар мен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбаларды дәлел ретінде ұсынған.
Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны бөлімшеге жеткізді. 52 жастағы ер адам жауап алу кезінде кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін жеткізген.
Кейін ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанда сталкинг жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заң бұзушыға 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы, түзеу жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін.