16.11.2026, 11:40

Маңғыстауда екі күнде үш жұп егіз сәби дүниеге келді

Фото: Маңғыстау облысы

Олардың екеуі ұл мен қыз болса, бір жұп қос ұлдан құралған.

Маңғыстау облысында небәрі екі күннің ішінде үш отбасы егіздердің ата-анасы атанды. Облыстық Ана мен бала перинаталдық орталығында алты сәби дүниеге келді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ана мен бала перинаталдық орталығының мәліметінше, 13 және 14 қараша күндері үш жұп егіз өмірге келген. Олардың екеуі ұл мен қыз болса, бір жұп қос ұлдан құралған.

Алғашқы егіздер 13 қараша күні сағат 14:00 және 14:09-да дүниеге келген. Отбасында салмағы 2740 грамм, бойы 51 сантиметр ұл бала мен салмағы 2830 грамм, бойы 52 сантиметр қыз бала туған.

Сол күні кешкі уақытта, сағат 17:16 және 17:33-те тағы бір жұп егіз өмір есігін ашты. Бұл жолы ата-ана екі ұлды болды. Нәрестелердің салмағы 2430 және 2290 грамм, бойлары 46 сантиметр болған.

Ал 14 қараша күні сағат 11:58-де салмағы 3080 грамм, бойы 51 сантиметр ұл бала, ал 12:15-те салмағы 2960 грамм, бойы 52 сантиметр қыз бала дүниеге келді.

Орталық өкілдерінің хабарлауынша, сәбилердің есімдері әзірге толық белгілі емес. Алайда бір отбасы ұлы мен қызына Ануар және Ақнұр деген есім берген.

Осылайша, екі күн ішінде Маңғыстау облысында үш отбасы бірден қос қуанышқа кенеліп, алты сәби дүниеге келді.