16.11.2026, 14:20

Тергеу жүріп жатыр: ҚазҰУ-дың тағы бір студенті қаза тапты

Фото: gov.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған бірінші курс студенті қайтыс болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Университеттің баспасөз қызметі марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатқанын мәлімдеді.

"Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қазасына байланысты ата-анасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Университет жағдайдың жан-жақты әрі әділ қаралуына барынша қолдау көрсетеді", – делінген оқу орнының хабарламасында.

Университет басшылығы мен ұжымы марқұмның отбасына көмек көрсетіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ оқу орны көпшілікті қара жамылған отбасының қайғысына құрметпен қарап, ресми расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.

Ал Алматы қалалық полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды", – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Әзірге студенттің қандай жағдайда қаза тапқаны белгісіз. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.