$ 444.3 € 490.91 ₽ 5.41

«Ақауларды жасырып қойған»: Астаналық тұрғын BI Group пәтерінің сапасын сынға алды (ВИДЕО)

Ол тексеру барысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Астанада BI Group құрылыс компаниясы салған Capital Park Melody тұрғын үй кешеніндегі пәтердің сапасы әлеуметтік желіде талқыға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Желі қолданушысы Данияр Қалдыбаев пәтердің құрылыс және әрлеу жұмыстарының сапасын бағалау үшін техникалық қадағалау маманын шақырған. Ол тексеру барысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Маман санитарлық торапты тексеру барысында бірқатар кемшілікке назар аударды. Атап айтқанда, плиткалардың дұрыс төселмегенін, олардың арасында қуыс барын, сондай-ақ ыстық және суық су құбырларының шатастырылғанын айтты.

«Плиткалардың арасындағы пластик айқастырғыштар алынбаған. Жұмыс кәсіби деңгейде орындалмаған. Плиткалар арасындағы жіктің ені 6 миллиметрге жетеді. Бұл – мемлекеттік стандарт талаптарының бұзылуы. Арасын арнайы қоспамен толтыра салған. Бұл жай саңылау емес, кәдімгідей ашық аралық. Ыстық және суық судың берілуін шатастырған. Плиткалардың астында қуыстар бар, биіктік айырмасы 2-3 миллиметрге жетеді. Плитканың сынған жерін арнайы қоспамен жауып, ақауды жасырған. Еденді қаққанда қуысқа тән дыбыс шығады. Санитарлық тораптағы еден плиткаларының астында бос кеңістік бары естіліп тұр», – деді маман.

Осылайша, маман пәтердегі әрлеу жұмыстарының сапасына қатысты бірқатар ескерту айтты.

Редакциялық ескерту: Мемлекеттік стандарттың бұзылғаны туралы тұжырым видеодағы маманның пікіріне негізделген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0