20.11.2026, 20:30

«Отбасын қорғау үшін өз өмірін қиды»: Ақтөбеде оққа ұшқан кәсіпкердің ұлы жазба жариялады

Фото: видеодан скрин

Жанармай құю бекеттері желісінің басшысы өз үйінде атып өлтірілген болатын.

Ақтөбеде 16 қараша күні көршісінің қолынан қаза тапқан кәсіпкер Айболат Жисовтің ұлы Әнуар Тобанияз марқұм әкесіне арнап әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Еске сала кетейік, жанармай құю бекеттері желісінің басшысы өз үйінде атып өлтірілген болатын. Алғашқы деректер бойынша, шабуылдаушы марқұмның көлігі мен бағалы заттарын қолды қылған, ал қазіргі уақытта аталған қылмысқа күдікті қолға түсіп, оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр.

Әкесінің соңғы демі қалғанша жақындарына қорған болуға ұмтылғанын жеткізген Әнуар Тобанияз әлеуметтік желідегі парақшасында оның өнегелі өмірі мен тәлім-тәрбиесін еске алды:

«Әкем мен үшін әрқашан үлгі тұтар ең асыл жан болды. Ол маған қиындыққа мойымауды, тағдырдың соққысына төтеп беруді және өмірдің әр сәтін бағалауды үйретті. Ең ауыр сәтте де отбасын қорғау үшін өз өмірін қиды», – деп жазды ол.

Сондай-ақ марқұмның ұлы әкесінің ерлігі мен игі істері ел жадында мәңгі сақталатынын айтып, жүрекжарды тілегін жеткізді:

«Әке, Сіз мен үшін әрқашан батыр болып қаласыз. Арыстандай өмір сүріп, арыстандай кеттіңіз. Сіздің жақсылығыңыз бен игі істеріңіз ешқашан ұмытылмайды», – деп түйіндеді Әнуар Тобанияз.

Бұл жазба оқырмандардың жүрегін елжіретіп, желі қолданушылары марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтуда.