Вице-министр Талғат Ластаев Korean Air компаниясының Қазақстан нарығына шығу жоспарын қолдады.
Оңтүстік Кореяның Korean Air әуе компаниясы 2027 жылдың жазынан бастап Сеул – Алматы бағытында тұрақты рейстер ашуды көздеп отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мәліметінше, осы мәселеге қатысты екі тарап арасында келіссөздер жүргізілген.
Талқылау Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің Азаматтық авиация мәселелері жөніндегі вице-министрі Чон Чхе Гёның кездесуінде өтті. Кездесу ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-Дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ұйымдастырылған.
Вице-министр Талғат Ластаев Korean Air компаниясының Қазақстан нарығына шығу жоспарын қолдады. Оның пікірінше, жаңа әуе тасымалдаушының келуі жолаушылар ағынының өсуіне, туристік байланыстардың нығаюына және азаматтар үшін сапар мүмкіндіктерінің кеңеюіне жол ашады.
Бұған қоса, Korean Air әуе компаниясы Сеул – Астана бағыты бойынша рейстер ашу мүмкіндігін де қарастырып жатқаны айтылды.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында Астана – Сеул, Алматы – Сеул және Шымкент – Сеул бағыттарында аптасына 12 тұрақты жолаушылар рейсі қатынайды.