ДНҚ нәтижесі әйелдің биологиялық анасы емес екенін көрсеткен.
Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласы әлеуметтік желідегі парақшасында биологиялық анасына қатысты тың мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол бірнеше жыл бұрын туған жері – Арқалықтағы перзентханаға барған кезін еске алды.
"Ол сапар мен үшін ерекше маңызды еді. Өзім дүниеге келген жердің дәліздерін аралап жүргенімде, қолыма биологиялық анамның мен дүниеге келген кезде қалдырған қоштасу хатын берді. Оның бар екенін осы уақытқа дейін білмеген едім. Ол хатты алғаш оқыған сәтте қандай күйде болғанымды сөзбен жеткізу қиын. Хаттағы сөздер мен кейбір мәліметтер жүрегімді қатты толқытты. Жылдар бойы түрлі сұрақтарға жауап іздеп, өмірімнің бастауын түсінуге тырысып жүрдім. Ал сол күні өмірімнің алғашқы күндерінен қалған бір естелік қолыма тиді. Оны оқып отырып, көз жасымды ұстай алмадым. Бірақ көпшілігіңіз біле бермейтін тағы бір жайт бар. Біз сол хатты жазған әйелді де іздей бастадық. Ақыры, оны таптық", – деді Жәнібек.
Айтуынша, онымен Астанада кездескен.
"Бұл кездесу мен үшін өте ерекше әрі жүрегіме терең әсер қалдырды. Сол кездесуден кейінгі оқиғаларды осы уақытқа дейін сіздерге айтып көрмеппін. Өйткені бұл оқиғаның жалғасы да бар, әрі оның бәрін бірден айтып жеткізу оңай емес. Енді осы оқиғаны сіздермен бөліскім келеді. Осы уақытқа дейін менің іздеу жолымда бірге үміттеніп, менімен бірге толғанып жүрген жандарға өмірімнің осы бір бөлігін де айтып бергім келеді", – деп атап өтті ол.
Жәнібек бұл әйелмен эмоцияға толы кездесу өткенін, оны құшақтағысы келгенін айтты.
"Бірақ сонымен қатар, әлі бәріне көз жеткізбей тұрып, оған тым қатты байланып қалудан қорықтым. Мен оның өміріндегі сол кезең туралы әңгімесін тыңдадым. Ол өмірімнің алғашқы бес күнінде маған ана сүтін бергенін айтты. Бірақ сол кезде оның үйінде жағдай өте қиын болған екен. Ол мен дүниеге келген ауруханадан кетіп, алдымен үйіндегі мәселелерін шешіп, содан кейін маған қайта оралып, қамқор болуды жоспарлаған. Бірақ ол қайта орала алмады. Сөйтіп, мен жалғыз қалып, Арқалықтағы балалар үйіне орналастырылдым. Оның әңгімесін тыңдаған кезде ішімде түрлі сезімдер болды. Бір жағынан, көп жылдан бері жауап іздеп жүрген сұрақтарыма жауап тапқандай болдым. Екінші жағынан, бұл жағдайды қабылдау оңай болған жоқ.
Бірақ мен бір нәрсені түсіндім: ол да біз сияқты адам. Әр адам қателеседі. Кейде өмірде қиын жағдайларға тап болып, дұрыс шешім қабылдай алмайтын кездер болады. Мен бұл жағдайға тек бір адамның кінәсі деп қарағым келмейді. Сол кездесуде біз ДНҚ тестін тапсырдық. Өкінішке қарай, тест нәтижесі сәйкес келмеді. Оның менің биологиялық анам емес екені анықталды. Бірақ ол өмірімнің алғашқы бес күнінде маған ана сүтін берген. Осы жағдайға қарап, мен дүниеге келгеннен кейін бізді шатастырып, мені басқа әйелге беріп қойған болуы мүмкін деген ойға келдік. Яғни, ол да мені өзінің баласы деп ойлаған, ал мен басқа әйелдің баласы болып кеткен болуым мүмкін", – делінген жазбада.