24.11.2026, 21:30

Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов қандай мұра қалдырды?

Фото: kazinform.kz

Оразақ Смағұлов 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келді.

24 қарашада қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлов 96 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы жеткізді. Ғалым жетпіс жылға жуық уақытын қазақ халқының шығу тегі мен антропологиялық тарихын зерттеуге арнады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Қаныш Сәтбаев қолдаған жас зерттеуші

Оразақ Смағұлов 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келді. Меңдіқара педагогикалық училищесін, кейін Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді. Біраз уақыт мектепте мұғалім болып, одан кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ғылыми қызметке кірісті. Адам анатомиясын тереңірек меңгеру үшін Алматы медицина институтында тағылымдамадан өтті. 

1958 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Этнография институтының аспирантурасына түсті. Кейін «Қазақстан тарихы» порталына берген сұхбатында Сәтбаевтың қолдауы өзінің ғылымдағы жолына да, қазақ антропологиясының қалыптасуына да әсер еткенін еске алды. 

Қола дәуірінен ХХ ғасырға дейін

Ғалым қола дәуірінен бері Қазақстан аумағын мекендеген адамдардың сүйек қалдықтарын зерттеп, оларды ХХ ғасырдағы тұрғындардың антропологиялық деректерімен салыстырды. Бас сүйек пен тіс құрылымын, дене бітімін, алақан бедерін және қан топтарының таралуын зерделеді. Осы деректерге сүйене отырып, ол Қазақстанның ежелгі тұрғындары мен қазіргі қазақтар арасында антропологиялық сабақтастық бар деген тұжырым жасады. 

1970 жылы Қазақстан халқының қола дәуірінен ХХ ғасырға дейінгі антропологиялық тарихына арналған монографиясы жарық көрді. 1977 жылы қан топтарының таралуын талдаған «Этническая геногеография Казахстана» еңбегін жариялады. Ал 2020 жылы қызы, антрополог Айнагүл Смағұловамен бірлесіп жазған «Қазақ халқы және ата тегі» кітабында көпжылдық зерттеулерін жинақтады. Ғалым қазақ-моңғол экспедициясына да қатысып, Алтай қазақтарының антропологиялық ерекшеліктерін зерттеді. 

Ғылыми мектеп пен шәкірттер

Оразақ Смағұлов Шоқан Уәлиханов атындағы институтта Қазақстандағы алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды. Кейін Орталық мемлекеттік музей мен Ұлттық музейде физикалық антропология зертханаларын құруға атсалысты. Шәкірттеріне ғылыми жетекшілік етті, өзі білім алған университетте және шетелдік жоғары оқу орындарында дәріс оқыды. 

Ғалым 1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, 2004 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды. 2021 жылы оған Экономикалық ынтымақтастық ұйымының жүлдесі табысталды. Ғалымның өзі жинаған антропологиялық деректер мен қалыптастырған ғылыми мектебі кейінгі буын зерттеушілеріне мұра болып қалды. 

Ғалымның жаназа намазы 25 қарашада сағат 10:00-де Алматының Орталық мешітінде оқылады.