29.11.2026, 17:30

«Үш ай бұрын да өртемек болды»: Алматыда бес адам қаза тапқан үйдің иесі күдікті туралы айтты

Фото: видеодан скриншот

"Бұл – 100 пайыз қасақана қойылған өрт".

Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысты үй иесі оқиғаның қалай болғаны жөнінде өз болжамын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Куаныш Кеңес қайғылы жағдайға осы үйде бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін деп есептейді.

Оның айтуынша, әйел ғимаратқа заңсыз кіріп, жанғыш қоспа төгіп, өрт қойған болуы ықтимал. 

Үй иесінің сөзінше, шамамен үш ай бұрын әлгі әйел осы үйді өртеуге әрекет жасаған. Алайда сол кезде өрт дер кезінде сөндіріліп, құқық қорғау органдарына хабар берілмеген. Кейін әйел үйден шығарылған.

Куаныш Кеңес қайғылы оқиға болған түні әйелдің үйге қайта кіргенін айтады. Оның болжамынша, күдікті бетперде мен көзілдірік тағып, сөмке ұстаған. Үй иесі бұл нұсқаны бейнежазбалар мен куәгерлердің мәліметтері растайтынын алға тартты.

«Бұл – 100 пайыз қасақана қойылған өрт. Себебі бізде бөлмелерді жалға беретін адамдармен байланыс бар. Олар да сол әйелдің дәл осы киіммен, бетперде, көзілдірік және сөмкемен келгенін растады. Мұның бәрін растайтын куәгерлер де бар. Кейбіреулер камерадағы жазбалар жанама дәлел дейді. Бірақ бұл олай емес. Себебі оны қолынан ұстап алған адам бар. Ол негізгі кіреберіс арқылы ішке кіріп, жанғыш қоспаны төгіп, өрт қойған. Содан кейін қайтадан сол есіктен шығып, үйдің негізгі кіреберісін жауып кеткен. Мұндағы тұрғындардың сыртқа шыға алмауын көздеген болуы мүмкін», – деді Куаныш Кеңес.

Бұған дейін Алматыда осы өртке қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы әйелдің ұсталғаны хабарланған еді. Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, оқиғаға жеке бас араздығы себеп болуы мүмкін. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салайық, қайғылы өрт 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында болған. Өртті сөндіру барысында құтқарушылар бес адамның мәйітін тапты. Қаза болғандардың арасында бала да бар. Бұдан бөлек, бірнеше тұрғын зардап шегіп, екі бала ауруханаға жеткізілген.

Қазір оқиғаның мән-жайы сотқа дейінгі тергеу аясында анықталып жатыр.

Тегтер: өрт Алматы