27.08.2014, 06:41

Алматыға «SKY SERVICE» ұшағы апатты жағдайда қонды

Сурет:planespotters.net

Алматы халықаралық әуежайында төтенше жағдай орын алды. «Тамчы-Алматы» бағытындағы Челенжер 208 әуерейсінің қону кезінде сол жақ дөңгелегі жарылған. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.

Әуе жүк көлігі «SKY SERVICE» компаниясына тиесілі Қырғыз курортының чартерлік рейсі екен. Бұл ақпарат телеарнаға сондағы жолаушылардың бірінен келіп түсті. Оқиға орнында Төтенше жағдай департаментінің мамандары жүр деген болатын. Алайда, аталған мекеме басшылары бұл жағдай жөнінде бейхабар.

«Бізге жеткен мәлімет бойынша ұшақ бір жақ бүйіріне қисайып, қону жолағының үстінде қалған. Оқиға салдарынан кешкі сағат 19:00 дейін борттағы жолаушылар сыртқа шығарылмаған. Сөйтіп, қалаға келуі тиіс барлық әуе көліктері Бішкектегі қосымша әуежайға жіберілген. Ал, жауапты әуекомпаниясы ашып ештеме айтпады», делінген телеарна сюжетінде.

— Бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Аса үлкен қауіп болған жоқ, — деді «SKY SERVICE» компаниясы.