28.08.2014, 11:32

Алматыға шетелден келген жолаушылар легі күрт артты

Сурет: ru.almatyairport.com

Алматы әуежайында ары-бері ағылған жолаушылар легі күрт артты, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.

800 дей шетелдік жолаушы осында өз кәсіптерін бастауға ниет білдіріп отыр. Бұлардың көбі отандық кәсіпке қолдау көрсетіп, қаржы құюға ынталы.

Алматы халықаралық әуежайының шекара қызметі екі айдан бері толассыз ағылған жолаушыларды қабылдауда. Өйткені, 15 шілдеден бастап, 10 мемлекеттің азаматтарына елімізге визасыз кіруге рұқсат етілген. Олар, ешқандай кедергісіз көк дәлізбен өтеді. Қаламызға әр 20 минут сайын қонатын әуе көліктері шетелдіктерге лық толы. Бүгінге дейін тек Алматы әуежайымен алты мыңға жуық шетел ел азаматтары келіпті.

— Қазіргі таңда визасыз режим бойынша, 10 елден 5988 шетел азаматы келді. Оның 5154 қайтып кеткен. Ал, қалған 800 дейі қөші-қон полициясына хабарласып уақыттарын созғызған, — деді Алматы әуежайының шекаралық бақылау бөлімінің басшысы Асхат Баяхметов.

Өзге елден елімізге ағылғандардың ең көбі АҚШ, Жапония, Оңтүтсік Корея және Араб әмірліктерінің кәсіпкерлері көрінеді. Тіпті, біразы осында қалып өз кәсіптерін бастауға ниет танытып отыр. Мысалы, Оңтүстік кореялық кәсіпкер шаһарға құрылыс материалдарын сатудың жолдарын ойластырыпты. Ал, Британ қызы Кетриннің бұл Алматыға үшінші рет келуі. Бірақ, алдыңғы сапарларында құжат әзірлеуде біраз қиындықтарға тап болған. Бұл жолы өзі қалаған салаға қомақты қаржы құюды шешіпті.

Айта кетейік жыл аяғында визасыз режимнің қорытындысы шығарылатын болады. Сөйтіп, аталған жүйенің арқасында өзге елден түскен қаражат көлемі анықталмақ. Дәл осы жеңілдіктің арқасында сырт елден келушілердің саны 25 пайызға өскен.