Алматыда көпшіліктің сүйікті әншісі Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова жол-көлік оқиғасына ұшырады, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Ол «Лексус» көлігімен бағдаршамы жұмыс істемей тұрған қиылысқа шығып кетіп, басқа машиналарға жол бергісі келмеген. Ал жүргізушілер оқыстан шыға келген көліктің бұндай қозғалысын күтпесе керек. Нәтижесінде Г.Айдарбекова бір жеңіл көлікті соғып өткен.
Тағы бір көліктің жүргізушісі бұл сәтте тежегішті басып үлгермей, әншінің анасының машинасына соғылған. Абырой болғанда, көліктердің жылдамдығы төмен болғандықтан, зардап шеккендер болған жоқ. Тек апат себепкері болған «Лексус» көлігі аздаған зардап шеккен.
Енді Гүлзира Айдарбековаға өз көлігін жөндетуден басқа, зақым келген басқа да көліктердің иелеріне өтемақы төлеуіне тура келуі мүмкін, деп хабарлайды КТК телеарнасы.