Қостанайда көлік қозғалысы жақын күндері мүлдем тоқтап қалуы мүмкін. Себебі көпшілік құятын АИ-92 маркалы бензин тапшы бұл қалада енді дизель отыны азайып кетті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қазір май құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек үйреншікті көрініске айналып, жұртшылық алаңдай бастаған. Дизель тек қаладағы екі компаниясында сатылуда. Оның өзінде шектеу қойылып, бір бакқа 200 литрден артық құюға тыйым салыныпты.
«Өзге бекеттерде ол талон бойынша жіберіледі деген хабарландыру ілінген. Бірақ ауыр техника жүргізетіндер қолдарындағы қағазбен жанармай жоқ дегенді алға тартуда. Кейбірі бұл тапшылық Ресейдің жақын орналасуымен байланыстыруда. Себебі олар арзан бағаға біздің өнімді жаппай сатып алып жатқан көрінеді. Отандық жүргізушілер болса сағаттап кезекте тұрып 115 теңгеге сапасыз май құйғанша, Ресейге барып қымбат, есесіне Евро-4 стандартындағы сапалы дизель отынын алғанды жөн көріп отыр», делінген телеарна сюжетінде.