Екі ай каникулда біраз күш жинап келсе керек, депутат Тәңірберген Бердоңғаров сессия ашылмай жатып мүгедекті жекпе-жекке шақырды. Мәжілісменге Көкшетауда тұратын кемтар жанның интернетке жазған пікірі ұнамай қалыпты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алмас Ержан өзінің жеке парақшасында: «қайғы-мұңнан ада, қарны тоқ, көйлегі көк депутаттар жаз бойы күнге әбден қыздырынып келген болар. Енді багы бензинге толы шетелдік қымбат көліктерімен Парламентке қайта оралады» деген пікір жазыпты.
Ал, мұны оқыған Бердоңғаров бірден ашуға мініп, «сезікті секіредінің» қылығын жасаған. Халық қалаулысы бастапқыда Алмас Ержанға нақты дәлелмен сөйлеп, сотқа арыздануға ақыл береді. Кейін қымбат көлігін үйіне тастап, спорттық киім киіп, мүгедек жанмен жеке кездесуге дайын екенін жазған. Бұл депутатқа қатысты ел ішіндегі алғашқы келеңсіз жағдай емес. Бердоңғаров бұған дейін де көшеде журналистің бетіне түкіріп, шу шыққан еді. Ал, бұл жолғы қылығына қатысты бүгін барынша ақталып бақты.
— Мен біраз уақыттан бері отандық әрі қарапайым көлік мінемін. Сондықтан маған қатысты ешқандай сын болмауы тиіс. Мәжіліс бөлген көлікті тек қызмет барысында ғана пайдаланамыз, не бары екі сағат. Ал, мүгедек азаматтың пікіріне қатысты да арам ойым болған жоқ, тек сынның әділ болғанын жеткізгім келген, — деді Мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаров.