05.09.2014, 05:23

Алматыда 14 жасар қыз жүк көлігінің астына түсіп, мерт болды

Сурет: almaty.tv

Алматыда 14 жастағы жасөспірім қыз 40 тонналық жүк көлігінің астына түсіп, оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасының «Куәгер» бағдарламасы.

Қайғылы оқиға алып шаһардың Медеу ауданында таңғы тоғызда орын алды. Дарынды балаларға арналған спорт мектебінің 8-ші сынып оқушысы құрбысымен бірге Сәтпаев көшесін оңтүстік бағытта кесіп өтпекші болған. Осы сәтте Луганский көшесімен солға қарай бұрылған «Хово» маркілі жүк көлігі бағдаршамның жасыл түсіне қарамастан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерге жол бермеген. Оқыс оқиғаның нәтижесінде жасөспірім ашық бас сүйек ми жарақатын алып, оқиға орнында жан тапсырды.Оның құрдасы дер кезінде қашып үлгерді. Ал жүк көлігінің тізгіншісі бағдаршамның жасыл түсті белгісі жанып-өшіп тұрған кезінде әрекет жасағанын және жасөспірім жолға аяқ астынан атып шыққанын баяндады.

Кісі өліміне әкелген жол көлік оқиғасы бойынша Алматы қаласы ІІД анықтау басқармасының жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар жүргізілуде.